Қиямет күні Алланың алдына жиналған уақытымызда, осы дүниеде әлдекімнің ақысын жеген болсақ, яки, баз біреуге қиянат еткен болсақ оның ақысы бізден алынып, егесіне беріледі. Пайғамбарымыз (Алланың оған игілігі мен сәлемі болсын) бұған қатысты былай деген:
«Кімде-кім өзінің (дін) бауырының намысына тиіп немесе басқалай ренжітіп, зұлымдық еткен болса, ертеңге қалдырмай кешірім сұрасын. Алтын динары да, күміс дирхамы да болмайтын ол күні (кеш болады). Себебі, (о күні) істеген жақсы амалының сауабынан жасаған зұлымдығының мөлшеріндей алынады (зұлым еткен, ақысын жеген адамына беріледі). (Алда-жалда), істеген жақсы амалы болмай шықса, оның күнәсін алып, мойнына жүктейді».
Алла елшісі тағы бір хадисінде: «Бәрін жоғалтып, тақырға отырған адамның (банкрот) кім екенін білесіңдер ме? Менің үмметімнің ішіндегі тақырға отырған адам – қиямет күні оқыған намазын, тұтқан оразасын, берген зекетін ала келгенімен, осы дүниеде пәленшеге тіл тигізіп, түгеншеге жала жапса, тағы біреудің дүниесіне қол сұғып, пәленшенің қанын төккен адам. Оның сауабынан алынып анаған беріледі, мынаған беріледі. Мойнындағы өзгенің ақысын толық өтеп бітпей сауабы таусылып қалса, әлгілердің күнәларын өзіне алады. Содан кейін, ол адам тозаққа тасталады (осы дүниеде жасаған құлшылықтарының пайдасы болмай қалады)», - деген. Islam.kz