Пайғамбарымыз бірде былай дейді: «Аллаһ Тағаланың жер бетін аралап Өзін зікір еткендерді іздейтін періштелері бар. Бұл періштелер Аллаһ Тағаланы зікір етіп жатқан бір жамағатқа кездессе «Іздегендерің мына жақта» деп бір-бірін шақырады. Сонда барлығы жинала қалып, Жаратушыны пәктеп мадақтауға, тек Соған ғана құлшылық етіп ұлықтауға жиналған топты қанаттарымен бүркеп көк әлеміне дейінгі аралықты толтырады. Аллаһ Тағала оларды жақсы біле тұра періштелерінен: «Құлдарым не деп жатыр?»,- деп сұрайды. Періштелер: «Олар Сені тәсбих етіп, Сенің жаратылыс атаулыдан мүлдем пәк екендігіңді паш етуде. Саған тәкбір айтып, ұлықтап, Сенің құдіретің мен ұлылығыңның теңдессіз екендігін жариялауда. Һәм Сенің берген несібелеріңе шүкір етіп, мадақтауда. Саған тағзым етіп, Сенің құдіретің мен ұлылығыңның алдында өздерінің қауқарсыздығын танытуда»,- дейді. Аллаһ Тағала сұрағын жалғастырып былай деп сұрағын өрбітеді:
Олар Мені көріп пе еді?
Жоқ!
Көрсе не істер еді?
Егер Сені көргенде бұрынғыдан да терең құлшылыққа беріліп, шексіз тәсбих етіп, Өзіңді ұлықтай түсер еді.
Аллаһ Тағала:
Олар не тілейді?
Олар Сенен Жәннатты тілейді.
Жәннатты көріп пе еді?
Жоқ, Раббымыз! Олар Жәннатты көрмеген.
Көрсе не істер еді?
Егер Олар жәннатты көргенде оған көзсіз қызығып, «Бізге Жәннатты нәсіп ете гөр!» деген тілектері телегей теңіз болып тербетілер еді.
Аллаһ Тағала:
Олар не нәрседен құтылуға тырысуда?
Әрине, олар Жәһаннамнан құтылуға тырысуда.
Олар Жәһаннамды көріп пе еді?
Жоқ, Раббымыз олар Жәһаннамды көрмеген.
Көрсе не істер еді?
Жәһаннамды көргенде бұрынғыдан бетер қорқып, түршігіп, одан бойын аулақ салуға тырысар еді.
Осы кезде Аллаһ Тағала: «Сендерді куә ете отырып оларды кешірдім!»,- дейді. Сонда бір періште: «Олардың арасында пәленше деген күнәкар бір құл да бар. Ол – бөлек адам. Оларға жатпайды. Басқа ниетпен барып, қастарына тізе бүккен»,- дейді. Сонда Аллаһ Тағала: «Оны да кешірдім! Мұндай жамағаттың қасында отырған адам да солардың арқасында бақыттан кенде болмайды!»2,- дейді.